Абай — 175

Ақтөбелік оқушылардың жүлделері

23-25 тамызда «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен ХХІ республикалық «Абай оқулары» байқауы өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін аталған байқауға біздің облыстан да дарынды оқушылар қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Биыл елдегі індетке байланысты «Абай оқулары» байқауы Zoom платформасы арқылы онлайн режимде ұйымдастырылды, сондай-ақ номинациялар бойынша YouТube каналында тікелей трансляция жүргізілді.

«Абай оқулары» байқауына Қазақстанның барлық облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан, республикалық білім ұйымдарынан, Назарбаев Зияткерлік мектептерінен командалар қатысқан.

Байқаудың республикалық кезеңінде 120 оқушы 6 номинация бойынша бақтарын сынаған. Олардың арасында ақтөбелік оқушылар да бар.

— Биылғы жылдың мамыр айында «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы «Абай оқуларының» облыстық кезеңін өткізген болатын. Облыстық кезеңде 53 оқушының ішінен дараланған 6 оқушы республикалық кезеңге жолдама алған еді. Нәтижесінде ХХІ республикалық «Абай оқулары» байқауында біздің облыстан қатысқан 6 оқушының төртеуі жүлделі орынға ие болды және бір оқушы арнайы номинацияны иеленді, — дейді «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының шығармашылықты дамыту бөлімінің меңгерушісі Замира Табынбаева.

Оның айтуынша, байқау қорытындысы бойынша «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» бағыты бойынша М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың 9-сынып оқушысы Бауыржан Жақсылықов жүлделі I орынды, «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» бағыты бойынша Мәртөк ауданындағы Кеңсахара орта мектебінің 9-сынып оқушысы Әйгерім Көмекова ІІ орынды, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бағыты бойынша М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың 10-сынып оқушысы Әділ Сермұхан ІІ орынды,

«Көңілім әнді ұғады» бағыты бойынша Ақтөбе қаласындағы №56 орта мектептің 9-сынып оқушысы Жанерке Әзімбек ІІ орынды иеленген. Ал «Абайдың қарасөздері» бағыты бойынша «Қарасөз шебері» арнайы номинациясына Мәртөк ауданындағы Сарыжар орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ақбаян Қаниева лайық деп танылған.

«Абай оқулары» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі 25 тамызда Zoom платформасында онлайн режимде өтті. Марапаттау шарасында «Абай және Шәкәрім» кесенесі орналасқан Абай ауданының әкімі Ж.Байсабыров пен «Дарын»  республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры А.Боранбай, сондай-ақ қазылар алқасының мүшелері құттықтауларын жолдады.

Айта кету керек, байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен, медальдарымен марапатталды. Сонымен қатар орын алған оқушыларға ұялы телефон, естелік сыйлықтар мен 4 томдық «Абай жолы» кітабы табысталды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button